05
май
2025
Ұлы Жеңіске 80 жыл
Алматы қаласы Жетісу ауданы Сүйінбай атындағы #143 мектеп-лицейдің 3 "Г" сынып оқушылары 1924 жылы 1-сәуірде туған 101 жастағы тыл ардагері - Петрунина Александра Борисовнаны Жеңіс күнімен құттықтады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі. Жеңіс күні — соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.Тылдағы тірліктің бел ортасында жүрген Александра Борисовна майданда жүрген сарбаздарды азық-түлікпен, керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін еңбекке ерте араласты. Тынбай еңбек етіп, өздерінің адалдығымен, жеңіске деген мызғымас күш-жігерімен, өнегелі өмір жолындағы қажырлы еңбегімен әлемге жасампаздықтың жарқын үлгісін паш еткен көзі тірі ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетеміз.